Атыраудың кіреберісіне 4 мобильді бекет қойылған
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, құрбандыққа шалынатын ірі және уақ малды Атырау қаласына кіргізбеу үшін «Атырау-Астрахань», «Атырау-Орал», «Атырау-Доссор», «Атырау-Индер» бағытына қатынайтын жол бойындағы Қараөзек, Береке, Ақжар ауылдары мен телемұнара тұсында мобильді
бекеттер қойылған. Сондай-ақ, мұндай мобильді бекет Батыс Қазақстан облысымен шекарадағы Аққала елді мекенінің тұсында да бар.
«Азаматтарды облыс аумағында коронавирустық инфекцияның таралуын, жұқтыру фактілерін азайтуға бағытталған шектеулерді, Құрбан айт мерекесі күндері іс-шараларды өткізуге тыйым салу туралы қаулы талаптарын орындауға шақырамыз. Бұған дейін жарияланған індет жағдайында құрбандық шалу алгоритмін сақтаған дұрыс», - деп атап өтті Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулықтар құрбан шалу үшін 51 қой, 40 тоқты және 6 ешкіге тапсырыс бергенін хабарлаған болатынбыз.