Атыраудың орталығына мұнай соратын құрылғы орнатылды

None
Атырау. ҚазАқпарат - Атырауда Қала күніне орай орталықта мұнай соратын құрылғы орнатылды. Биыл қалаға 376 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Атырауды Қазақстанның мұнай астанасы деп атады. Біз қаламыздың Қазақстанның тек мұнай астанасы ғана емес, сонымен қатар, рухани, мәдени орталығы болуы үшін де күш саламыз»-деді қала әкімі Серік Шапкенов мерекеге қатысушыларға қарата айтқан сөзінде.

Мерекені атап өту шараларының аясында орталық көпір жанындағы жасыл аралда осы өңірдің символына айналған мұнай соратын құрылғының көшірмесі орнатылды. Ол 24 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған құрылғыны елестетеді.

Күні бойы қалада бірнеше спорттық іс-шара өтті. Орал өзенінде байдарка есушілер өзара сынға түссе, қашықтыққа жүгіру бойынша, вело және мотожарыстар да ұйымдастырылды. Махамбет пен Исатай алаңында қолөнер шеберлері өнімдерінің көрмесі өтіп, концерт ұйымдастырылып, оған өңірде жұмыс істеп жатқан 16 этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.

Кешкісін Махамбет атындағы драма театрдың алдында Қазақстанның эстрада жұлдыздарының концерті өтті. Той мерекелік отшашумен аяқталды.