Атыраудың Ресеймен шекарадағы ауданында 2 елді мекен құрылады
Құрманғазы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ренат Нұғмановтың мәліметінше, Құрманғазы ауылдық округіндегі «Болашақ» және «Шипажай» шағын ауылдары жаңа елді мекен ретінде қайта құрылады. Қазір мұнда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысы аяқталды.
«Жоспарға сәйкес жоба 468 жер учаскесіне арналған. Кезекте тұрған жеке адамдарға тұрғын үй құрылысы үшін 1 гектардан жер беріледі. Қазір «Нұрлы жер» бағдарламасымен 468 жер теліміне 13,1 шақырымдық ауылішілік жолдар, 41,4 шақырым электр жарығы, 27,4 шақырым ауыз су, 21,4 шақырымына газ құбыры тартылып, учаскелер толықтай дайындалды. Мердігер мекеме – «Қарағанды жолдары» ЖШС. Бұл жобаның құны 1 миллиард 550 миллион 645 мың теңгені құрайды», -дейді Ренат Нұғманов.
Оның айтуынша, Құрманғазы ауылдық округінде 2016 жылдан бері жер алу кезегіне екі мыңға жуық тұрғын тіркелген. Қазір заңдылыққа сәйкес кезектегі тұрғындарға жер телімі беріле бастады. Бүгінге дейін 60 тұрғын жер телімін алған. Енді кезектегі 120 тұрғынға жер телімі беріледі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында Ресеймен шекарадағы ауылдар атауы өзгергенін хабарлаған болатынбыз.