Атыраудың шалғай ауылдарына газ тартылып жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат- Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Азғыр өңіріне тартылып жатқан газ құбырымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрманғазы ауданына жұмыс сапарында Нұрлан Ноғаев Азғыр өңіріндегі ауылдарына барды.

Аталған аймақтағы газ құбырының құрылысы 2017 жылы басталған, ол 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы газ құбырының ұзындығы 365 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта 274 км-ге құбыр тартылған. Ресеймен шекаралас жатқан Азғыр өңірінде 10 елді мекенде 7 мыңнан астам тұрғын бар. 

«Мемлекет басшысының шекаралас аймақтарды дамыту қажеттігі туралы тапсырмасына сәйкес Азғыр өңіріндегі елді мекендерді газдандыру және электр желілерін жүргізу концепциясын жасадық. Қазір газдандырудың соңғы сатысы жүріп жатыр. Ендігі міндет іргеге келіп тұрған газды ауыл ішіне тарту болып отыр. Бұл мәселе жергілікті атқарушы органдардың бақылауында болады», -деді Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, Азғыр өңіріндегі Қошалақ, Үштаған, Асан, Азғыр, Балқұдық әлеуметтік нысандарды аралап, Ресей Федерациясымен шекарадағы "Балқұдық" рұқсат беру бөлімшесінің жұмысымен танысты. Шалғайдағы ауылдардың тұрғындарымен кездесті.

Айта кетейік, 2016 жылы Нұрлан Ноғаев Атырау облысындағы 7 ауданды және барлық 72 селолық округке барып, қарамағындағыларға елді мекендерді дамытуға қатысты 223 тапсырма берген еді.