Атыраудың Жылыой ауданында қос балабақша пайдалануға берілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысы Құлсары қаласында Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында қос бірдей әлеуметтік нысан халық игілігіне берілді. Алдымен «Барлаушылар» ықшамауданында 290 балаға арналған «Бүлдіршін» балабақшасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балабақшаның ашылу салтанатына аудан, қала және ауылдық округ әкімдері мен қала тұрғындары, «Теңізшевройл» компаниясының өкілдері қатысты.

«Бүгінгі ұрпақ - ертеңгі болашағымыз. Бүгінгі күні әр баланың, әр азаматтың жүрегінде тәрбиенің негізін қалаушы - балабақша. Тәуелсіз еліміздің келешегін тәрбиелеу - бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бүгін киелі Жылыой жерінде балдырғандардың үлкен мейрамы. Елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында 290 орындық балабақша кішкентай бүлдіршіндерімізге есігін айқара ашпақ. Бала тәрбиесі -  үлкен, жауапты іс. «Баланы бесіктен» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Елін сүюге, имандылыққа, қазақ тілін қадір тұтуға үйретудің маңызы зор. Осы қасиеттерді «Бүлдіршін» балабақшасының тәрбиешілері балалардың бойына сіңіру бағытында жұмыс жасайтынына сенімдіміз»,-деді аудан әкімі Азамат Бекет.

 «Теңізшевройл» ЖШС-ның негізгі күрделі жобалар бөлімінің басты активтер жөніндегі менеджері Рама Кантамнинидің айтуынша, 1993 жылдан бері ТШО-ның Атырау облысындағы әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды, жергілікті тұрғындар мен қызметкерлерге көмек көрсетуді қаржыландыруға бөлген ақшасы 1,4 млрд теңгеден асқан екен. Кәсіпорын өзінің «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы арқылы Атырау облысында 110 жобаны іске асырды. Өткен жылы да мектеп, балабақша, мәдениет үйлері мен түрлі спорт кешендерін салуға 25 млн АҚШ долларын жұмсаған.

Балабақша құрылысын жүргізген мердігер «Орлан» ЖШС бас директоры Кенжебек Мырзағалиев жаңа ғимараттың символикалық кілтін балабақша басшысына салтанатты түрде табыс етті. Аудан әкімі мен ТШО компаниясының өкілі жаңа ғимараттың лентасын қиып, салтанатты түрде ашты. Келесі кезекте аудан әкімі бастаған топ «Автожолшылар» ықшамауданындағы 290 орындық «Шұғыла» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты.