Сапардың мақсаты - қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске кеңінен тарту,қоғамдық бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау.
Бұл туралы ӨКҚ өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменттің директоры Арман Бердалин айтты.
Сапар барысында агенттіктің өкілдері мен қоғамдық белсенділер Атырау облысының Мақат және Жылыой аудандарына барып, мемлекеттік мекемелердің жұмысымен танысып, жаңа әлеуметтік нысандарды аралады және жергілікті тұрғындардың мәселелерін тыңдады.
«Әрбір ауданда біз тұрғындармен кездесіп, олардың пікірлерін тыңдап, өздерін қызықтырған тақырыптарға жауап бердік. Көптеген сұрақтар мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеудің жаңа жүйесіне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге қатысты болды. Арнайы мониторингтік топ қызметтің барлық салаларында азаматтық бақылауды жүзеге асыратынын және мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстырушы көпір ретінде әрекет ететінін атап өткім келеді», - деді Арман Бердалин.
Айта кетейік, Республикалық арнайы мониторингтік топ қоғамды сыбайлас жемқорлықпен күресіп, қоғамдық бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылаумен айналысады.