Атырауға Спутник V вакцинасының 15 мыңнан астам дозасы жеткізілді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысына Спутник V вакцинасының II компоненті үшін 15 850 доза жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ресейлік вакцинаның ІІ компонентіне арналған кезекті партия өңірдегі фармацевтикалық қоймадан егу бекеттеріне тасымалданып жатыр.

«Биылғы 1 ақпаннан бері Атырау облысына Спутник V, QazVac, Vero Cell, Hayat-Vax, Corona-Vac вакциналарының ІІ компонентіне арналған 239 600 доза сертификаттармен жеткізілді. Вакциналардың бұл компонентін 185 163 адам салдырды. Оның ішінде 12 905 педагог, 6 971 медицина қызметкері, 4 413 студент, құқық қорғау органдарының 2 884 өкілі, 2 481 мемлекеттік қызметші мен 869 полицей бар. Сондай-ақ, 136 741 жергілікті тұрғын мен созылмалы сырқаты бар 16 943 пациент, арнайы мекемелердің 956 қызметкері вакцинаның ІІ компонентін ектірді» -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында екі күнде 1 264 адам вакцина салдырғанын жазған болатынбыз.