Атыраулық 16 ұйым 500 мың теңгеден грант ұтып алды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраулық 16 үкіметтік емес ұйым 500 мың теңге көлеміндегі грантты жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ішкі саясат басқармасына қарасты «Азаматтық орталығы» баспасөз қызметінің xабарлауынша, Атырауда «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды қолдау қорының «Әрекет» жобасы аясында ҮЕҰ өкілдерін әлеуметтік кәсіпкерлікке оқыту бағдарламасы аяқталды.

23-27 шілде аралығында Азаматтық орталықта өткен жобаға қатысушыларға бизнес-тренер Мадина Шынасыл түрлі тақырыптағы тренингтер жүргізді.

Жоба қорытындысы бойынша атыраулық 22 ҮЕҰ жетекшілеріне сертификат табысталды.

Ал, 16 ҮЕҰ өкілі өздерінің бизнес-идеяларын қорғап, оны жүзеге асыру үшін 500 мың теңге көлемінде грант жеңіп алды. Атыраулық грант жеңімпаздары 9 ай бойы өз жобаларын іске асырады.

Айта кетелік, конкурс шарты бойынша әр аймақтан 50 өтінімге дейін қабылданады. Атырау облысы бойынша конкурсқа 41 өтінім келіп түскен.