Атырау қаласында «Конституцияны жатқа білемін!» атты дәстүрлі байқау ұйымдастырылды. Ол биыл төртінші рет өткізіліп отыр. Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткен байқауға 16 ЖОО-дан студенттер қатысты.
Білім сайысын ашқан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сағадат Әжіғалиев Конституцияның елдегі ішкі тәртіпті, азаматтардың ерік-жігері мен бостандықтарын белгілейтін бірден-бір құжат екенін айта келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Байқау екі кезеңнен тұрады. Біріншісінде қатысушылар онлайн-тест сынағында құқықтық сауаттылықтарын сарапқа салды. Сыннан сүрінбей өткен жетеуі екінші кезеңге жолдама алды. Келесі кезеңде олар билет суырып, онда көрсетілген бапты түгел жатқа айтып шықты», - дейді шара ұйымдастырушылары.
Айта кетелік, байқау қорытындысы бойынша 3 студент Нұрдәулет Бағытжан, Гүлнұр Галиева мен Назерке Нұрмұқановалар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 1 жылдық оқу грантына ие болды.