Атыраулық археологтар Қарабаудағы қорғандардан құнды жәдігерлер тапты

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраулық тарихшы-ғалымдар археологиялық экспедиция кезінде «Қарабау-3», «Қарабау-4» обаларынан жерленген адам мүрделерін тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен қатар аталмыш аймақтан жануарлардың сүйектері, айна сынықтары, моншақ, қыш құмыралар, әшекей бұйымдар табылды.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің тарихшы-ғалымдары Қарабау өңіріне екінші жыл баруы. Бұл археологиялық экспедицияның негізгі мақсаты - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің өткен тарихын таразылап, шежіресін жинақтап, көне жәдігерлерімізді бүгінгі ұрпаққа аманаттау.

Сармат тайпалары бүгінгі Атырау өңірін б.з.б. VІІІ-V ғасырларда мекендегені тарихтан белгілі.

Әсіресе, «Қарабау-4» обасының күнбатыс жағынан биіктігі 4-5 метр, ені 26 метр болатын ғибадатхананың табылуы көп зерттеуді қажет етеді. Ал, бұл обаның айналасында әлі 200-ден астам шағын обалар бар.

«Бұл жерде мекендеген сармат тайпаларының күнге табыну дәстүрі болған. Егер дәл осы жерді аэроғарыштан суретке түсіретін болса, ортасында күн, айнала табынған адамдар тобының суреті айқын көрінеді»,-дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет.