Атыраулық ауласынан дала бүркітінің балапанын тауып алды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау қаласының тұрғыны өзінің ауласында дала бүркітінің балапананын тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыртқыш құстың балапаны «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлеріне тапсырылады. Бұл туралы Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің аға маманы Олег Тушканов айтты.

«Біздің аумақтық инспекцияға «Лесхоз» шағын ауданында тұратын Руфат Ғұмаров есімді азамат  хабарласты. Ол өзінің үйінің ауласында бүркітке ұқсайтын жыртқыш құсты тапқан. Құс өздігінен ұшып кете алмаған. Өйткені оның қанаттары зақымдалған», - деді Олег Тушканов.

Бұл  дала қыраны жойылып бара жатқандықтан, Қызыл кітапқа енгізілген. Дала қырандары табиғи ортада 10-28 жылдай өмір сүреді. Табылған құс - 4-5 айлық балапан. 

«Қорықтың қызметкерлері көрсетілген мекен-жайға дереу барып, бүркіттің балапанын мұқият қорапқа салып, орталыққа әкелді. Біздің мамандар бұл аққұйрықты қыран екенін анықтады. Зерттеу кезінде аурудың немесе жарақаттардың айқын белгілері табылмады», - дейді О.Тушканов.