Атыраулық ауылдастарын екі есе арзан бағамен тасымалдап жүр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраулық кәсіпкер Сәбит Смағұлов ауылдастарын жеңілдетілген тарифпен тасымалдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкер Сәбит Смағұлов 90-жылдардан бері жолаушыларды  тасымалдаумен айналысады. Осы уақыт аралығында бірнеше көлікті айырбастап үлгерген. Алайда, ол осы уақыт ішінде тасымалдау құнын көтермеу деген ұстанымынан танған емес. Қазіргі кезде Сәбиттің жолаушылардан алатын жол құны өзгелерге қарағанда әлдеқайда төмен.

«Жолаушыларды тасымалдау  менің тұрақты табыс көзім. Бұл көп те емес, бірақ тұрақты. Ауылдастарымнан артық ақша талап ете алмаймын.  Олардың шамасы келетін сомаға жеткізгім келеді. Бұрындары жеңіл автокөлігім болған, қазір «Бизнес-Кеңесші» жобасы арқылы жеңілдетілген шартпен микроавтобус алдым. Тасымалдаудағы тарифті сақтай отырып шығынды өтей аламын деген ойдамын», - дейді С.Смағұлов.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының кеңес беруші мамандары былтыр кәсіпкерге «Бизнес Кеңесші» курсына қатысуға ұсыныс білдірген. Сол арқылы білім алғандар үшін жеңілдетілген несие берілетінін де айтқан. Сәбит Смағұлов оқу аяқталысымен қажетті құжаттарды жинап, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жылдық мөлшерлемесі 6%-бен 3,5 млн теңге несие алған. Осы қаржығы «Mersedes Sprinter» микроавтобусын сатып алған.

Айта кетелік, бүгінде кәсіпкер «Миялы ауылы  Сағыз ауылы» бағыты бойынша жолаушы тасымалдаумен айналысады. Ара қашықтығы 100 шақырымнан асады. Егер басқа тасымалдаушыларда бір бағыттағы жолақысы 1500 теңге болса, ал Смағұлов ауылдастарын 1000 теңге, қайтар жолын 500 теңгеге жеткізеді.