Атыраулық азамат әлеуметтік желі арқылы Ауғанстанның террористік ұйымына еніп, уағыз жүргізген

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылы Қазақстанда терроризмге қатысты 65 қылмыс жасалса, 2014 жылы 52 қылмыс тіркеліп отыр. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Жақып Асанов осылай мәлім етті.

Еске сала кетейік, Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.

Прокуратура өкілінің айтуынша, ағымдағы жылы экстремистік және террористік қылмыс жасағаны үшін Қазақстанның 29 азаматы сотталған. «Атырауда бір азамат әлеуметтік желілер арқылы Ауғанстанның террористік ұйымдарына кіріп, жұртты содыр болуға шақырған. Бұл қылмысы үшін ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, шетелдік террористік ұйымы біздің бір азаматымызды арнайы дайындықтан өткізіп, Қазақстанға лаңкестік қарулы топтар құруға аттандырған. Бір ай бұрын ол Қырғызстанда ұсталып, елімізге қайтарылды. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергелуде», - дейді Ж. Асанов.

Оның айтуынша, прокуратура арыздарының негізінде мыңнан астам интернет және баспа материалдары экстремистік деп танылып, олардың таралымы тоқтатылды.

Ал 2014 жылдан бері елімізде террористік деп 15 ұйым, экстремистік деп 6 ұйым танылып, республикамызда олардың қызметіне тыйым салынған.