Атыраулық екі оқушы халықаралық олимпиаданың жүлдесі үшін қаржылай сыйақы алды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық екі оқушы халықаралық олимпиаданың жүлдесі үшін қаржылай сыйақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, биыл қазақстандық оқушылар халықаралық пәндік олимпиадалар 3 алтын, 15 күміс, 9 қола медаль алған. Оларға жалпы сомасы 76 млн теңгеден асатын қаржылай сыйақы берілген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Биыл Президент халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарына біржолғы ақшалай сыйақы төлеу ережесін қарастыратын заңға қол қойды. Осылайша оқушыларымыз халықаралық зияткерлік сайыстарда жеңіске жеткені үшін алғаш рет ақшалай сыйлыққа ие болды. Алтын медаль алған оқушылар 1 500 АЕК, күміс медаль үшін 1 000 АЕК, қола медаль иегерлері 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйлық алды. Оқушыларды олимпиадаға дайындаған ұстаздарға да бір реттік сыйақы берілді, -дейді Асхат Аймағамбетов.

Халықаралық пәндік олимпиададан жүлдегер атанған оқушылар арасында Атырау облысынан екі оқушы бар. Атап айтқанда, «Білім-Инновация» лицей-интернатының түлектері, физикадан халықаралық олимпиаданың (IрhO) күміс медаль иегері Ризабек Алпамыс 3 млн 180 мың теңге, математикадан халықаралық олимпиаданың (IMO) қола медаль иегері Зауытхан Әділет 1 млн 590 мың теңге ие болды. Ал, олардың ұстаздары Әділет Раисов, Мевлют Аяз, Арнұр Қазыбековке және ата-аналарына министрдің алғыс хаты табысталды.

Еске сала кетелік, бұған дейін ҰБТ-да 132 балл жинаған атыраулық түлек Оңтүстік Корея университетіне оқуға түскенін хабарлаған болатынбыз.