«Атыраулық» футболшыларды жаңа маусымға черногориялық маман дайындайды

АЛМАТЫ. 1 қаңтар. ҚазАқпарат - «Атырау» футбол клубы Жаңа жылды жаңа бапкермен қарсы алды.

Ол - черногориялық Миодрага Радулович. «Атырау» командасының бас бапкері бұған дейін «Зета» (Голубовцы), «Борац» (Чачак), «Пахтакор» (Тәшкент), «Будучность» (Подгорица), «Казма» (Адилия) командаларын жаттықтырып, португалиялық «Боавиште», ресейлік «Динамода» ассистент болды. Сондай-ақ 2007 жылы Черногория жастар құрамасымен Еуропа чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған. Ол «Атырау» футбол клубының тарихындағы екінші черногориялық бапкер болып отыр. Біріншісі - Зоран Филиппович. Биылғы маусымда команда тізгінін ұстаған ол, атыраулықтарды өрге сүйрей алмай, жұмысынан босап қалған еді. Оның орнына тағайындалған отандық маман Юрий Катковті енді қайтадан, екінші бір черногориялық басып отыр. Жалпы бұл команданы әр жылдары А.Әміров, К.Айманов, В.Талгаев, А.Голоколосов, С.Тимофеев, А.Аверьянов, В.Еремеев, Б.Байсейітов, С.Волгин, А.Шох, В.Масудов, В.Пасулько, Р.Маммадов, З.Филипович, Ю.Коньков жаттықтырған еді.