Атыраулық каратэші Азия чемпионы атанды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Жапонияның Окинава аралында каратэ спортынан жастар арасындағы Азия чемпионаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ілияс Шайхиевтің айтуынша, WKF - Олимпиада ойындарына енген каратэнің бұл түрі бойынша сайыстар өте жоғары деңгейде. Себебі Аргентинада өтетін жастар Олимпиадасына іріктеу жүріп жатыр.
 

   68 келі салмақта атыраулық спортшы Батырғали Әбілмансұр қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Жерлесіміздің салмағында 20 каратэші болды. Төрт кездесуінде де ол жеңіске жетті.

Әбілмансұр жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының иегері болып табылады. Қазіргі таңда «Қайсар» спорт клубында жаттығады.