Атыраулық кәсіпкер 500 марафоншының жарнасын төлеп берді
«Atyrau Marathon-2018» аясында биыл 42 шақырымдық негізгі қашықтықтан бөлек әуесқойларға арналған 10, 4, 5 шақырымға жүгіру ұйымдастырылады.
«Биыл марафонға қатысу ақылы, 42 км қашықтыққа жарна - 3 мың теңге, 10 км - 1 мың теңге. Ал 4,5 км қашықтыққа қатысу тегін. Студенттер мен зейнеткерлерге де қатысу тегін», - дейді ұйымдастыру комитетінің вице-президенті Юрий Пономарев.
Кәсіпкер Ерлан Табылдиев жеңіл атлетиканы насихаттау мақсатында 10 шақырымға жүгірушілер үшін 500 орынды сатып алған, ол жарыс басталар кезде сөреде қатысамын деушілерге таратылады.
«Қаламызда марафонға қатысқысы келетіндер қатары көп, жүгірмеуге сылтау табатындарда бар. Осы қадамым арқылы 10 шақырымға жүгіруге қатысатындарды ынталандырғым келді», - дейді кәсіпкер.
42 195 м қашықтыққа жүгірудің сөресі Мұз айдынының алдында. Қатысушылардың жиналуы сағат 6.00-да. Жарыс 7.00-де басталады. Қатысушыларға қолайлы болу үшін сағат 6.00-де Исатай-Махамбет алаңында автобус ұйымдастырылады.