Атыраулық кикбоксшылар Италиядан жеңіспен оралды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атыраулық кикбоксшылар Италиядан жеңіспен оралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Италияның Джесолло қаласында жастар мен жасөспірімдер арасында кикбоксингтен әлем чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға әлемнің 60-тан астам мемлекетінен кіл мықты спортшылар қатысты. Кикбоксинг спортының өте қарқынды дамып жатқанын жарыс деңгейінен байқауға болады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында атыраулық 5 спортшы жарысқа қатысып, оның 3-еуі жеңіс тұғырынан көрінді. 

Айта кетелік, дүбірлі додада Серікжан Сәлімгереев, Аян Жанболатов және Исламсанжар Төлеуғали қола медальға қол жеткізіп, әлемдік сында еліміздің жалауын желбіретті.

«Жарысқа қатысушылар саны көп және олардың дайындығы да жақсы болды. Бұл - жас спортшыларымыздың әлемдік аренадағы алғашқы ірі жеңісі. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, алда бірнеше Халықаралық турнирлер бар», - дейді облыстағы аға жаттықтырушысы Данияр Юсупов.