Парламент Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың айтуынша, Атырау облысындағы аудандарда өрт сөндіру деполар апаттық жағдайда тұр.
Кейбірі талапқа сәйкес емес.
«Бірінші кезекте Атырау облысына 7 өрт сөндіру депосын салу керек. Оның 3-еуі көлемінің екі есеге ұлғаюына байланысты Атырау қаласына, 1-еуі шаһар маңындағы Атырау ауылдық округіне қажет. Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында 1, Құрманғазы ауданындағы Ақкөл ауылында 1, Мақат ауданына қарасты Доссор кентінде 1 өрт сөндіру депосы ашылғаны жөн», -дейді Әділ Жұбанов.
Оның айтуына қарағанда, биыл Қызылқоға ауданының Миялы ауылындағы өрт сөндіру депосының құрылысын аяқтау көзделген.
Ал, Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылындағы депо құрылысы мердігердің жауапсыздығынан тоқтап қалған.
Индер ауданына қарасты Индербор кентіндегі депо құрылысы жер телімінің құрылыс салуға сәйкес келмеуіне байланысты басталмаған.
«Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментіне 33 бірлік негізгі, 27 бірлік арнайы, қосымша 154 бірлік көмекші техника қажет. Облыстық әкімдік арқылы 2023-2026 жылдар аралығында «Лизинг» бағдарламасымен департаментке 33 бірлік автокөлікті сатып алу жоспарланып отыр. Батпақты жерлерде өрт сөндіруге арналған арнайы техникаларды, атап айтқанда, 3 бірлік «Русак-3918 «Север»», «Трэкол Вега», «Вездеход Петрович 354-71» автокөлігін республикалық бюджет есебінен сатып алу мәселесі шешілуі керек», -дейді Әділ Жұбанов.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауында жанған қамыс түтіні Атырауды басып қалғанын хабарлаған болатынбыз.
Каспий жағалауында жанған қамыс өрті 5 күннен кейін сөндірілді.