Атырау облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Роман Ермұхановтың мәліметінше, Атырау қаласында есірткіні жасырын орындарға жеткізуге байланысты әлеуметтік эксперимент өткізілген. Полицейлер ас содасын арнайы zip-пакеттерге салып, қала көшелеріне жасырған.
«Мақсатымыз – тұрғындардың әрекетін бақылау. Тұрғындардың дені мән-жайды білуге тырыспады. Бірақ, «102» нөміріне, жақын маңдағы полицейлерге хабар бергендер бар. Облыс тұрғындары мен қонақтарына есірткіні жасыруға қатысты қылмыстық оқиғаларға куә болса, құқық қорғау органдарына жедел хабарлау қажеттігін ескертеміз», - деп мәлім етті Роман Ермұханов.
Айтуынша, облыста заңсыз айналымнан 5 келіден астам есірткі заттары тәркіленген.
«Атырау облысында жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысты 45 қылмыстық құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Оның ішінде ауыр және аса ауыр санатқа жататын 25 дерек бар. Ал, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің 2 қылмысты жасағаны анықталды. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 5 келі 486,29 грамм есірткі заттары тәркіленді», - деп хабарлады Роман Ермұханов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда синтетикалық есірткіні жасырын орынға жеткізуші ұсталғанын жазған болатынбыз. Атырау қаласында синтетикалық есрткіні жасырын орынға тығып жүрген 1993 жылғы күдіктіні ұсталды. Күдіктіден 3 пакетке салынған ақ түсті ұнтақ заты, түрлі түсті орама, зергерлік электронды таразылар, ұнтақ салынған 2 ыдыс, ақ түсті ұнтақ заты бар zip-пакеттер, бос 50 zip-пакет және күдіктіге тиесілі жабыстырғыш пен Telegram мессенджеріне жасырын тығу туралы жазбасы бар ұялы телефон тәркіленді. Осы айғақ заты арқылы қылмыстық іс тіркелді. Сараптама қорытындысымен алынған заттардың салмағы 173,9 гр екені анықталды.