Атыраулық полиция «телефон» үшін миллион теңге айыппұл төлейді

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда тергеудегі адамға телефон әкеліп беруге уәде берген полиция қызметкеріне миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Сот тергеуі барысында Атырау облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті тергеу оқшаулағышының УГ-157/1 мекемесінің күзет және режім бөлімінің инспекторы тергеудегі адамға телефон әкеліп беруге уәде берген. Осылайша заң бұзған. Қызметі үшін полиция қызметкері тергеудегі адамның танысынан 20 мың теңге алып, артынша ұсталды.

Сотта инспектор кінәсін мойындау туралы мәміле түрінде процессуалдық келісім жасады, оны ҚР ҚК «пара алу» бабы бойынша айыпты деп таныды және оған алған сомасының 50 есе көлемі  - 1 млн теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Қазір бұрынғы қызметкер өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды», - делінген соттың баспасөз баянында.