Атырау облысының Махамбет ауданындағы «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Розметов Ресеймен шекарадағы Құрманғазы ауданына 20 тонна көкөністі тегін жіберді. Оның 15 тоннасы - картоп, ал 5 тоннасы -пияз. Бұл өнімдер 19 ауылдық округтегі 49 елдімекен тұрғындарына тегін беріледі.
«Құрманғазы – облыс орталығынан шалғайда орналасқан, Ресейдің Астрахан облысымен шекаралас аудан. Осы кезге дейін бұл ауданның тұрғындары күнделікті азық-түлігін көрші елден сатып алатынын білемін. Қазір сол мүмкіндіктің аясы тарылды. Сондықтан, төтенше жағдайға байланысты көршілес ауданға көкөніспен көмектесуге бел байладым. Өйткені, қазіргі кезде қосымша табыс табудан гөрі халықтың азық-түліктен тарықпағаны маңызды ғой» -дейді шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Розметов.