Атыраулық волейболшы жігіттер Ұлттық лигада көш бастап келеді

АЛМАТЫ. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Павлодарда волейболдан Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасында ХХІ Қазақстан чемпионатының 2-ші туры өтіп жатыр.

8 желтоқсанда басталған бұл байрақты бәсекенің ақтық ойындары ертең өтеді. Қазір турнир кестесінде 11 кездесудің нәтижесі бойынша «Атырау» 24 ұпаймен - бірінші, «Павлодар» 19 ұпаймен үшінші орында тұр. Ал олардан бір ойыны кем «Алматы» 23 ұпаймен - екінші, «Конденсат» (Орал)  17 ұпаймен - төртінші, «ТНК Қазхром» (Хромтау) 14 ұпаймен - бесінші, «Есіл» (Қызылжар) 7 ұпаймен - алтыншы, «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» (Өскемен) 4 ұпаймен жетінші орында келе жатыр.

Бүгін енді өскемендіктер мен атыраулықтар, хромтаулықтар мен қызылжарлықтар, алматылықтар мен оралдықтар өзара кездесуде. Ертең Қызылжар мен Өскемен, Орал мен Хромтау, Павлодар мен Алматы волейболшылары ақтық ойындарын өткізеді. Бұл сайыста алматылықтар көшбасшылық тізгінді қайта өз қолына алуына мүмкіндігі мол.