Атыраулық жігіт грант алып, калифорния құртын өсіріп отыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық жігіт грант алып, калифорния құртын өсіріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында тұратын Әнуар Нұров биыл ақпан айынан бері калифорния құртын өсіруді қолға алған. Жақында «Demey» волонтерлік топтарға арналған облыстық конкурсқа «Құнарлы жер» тақырыбындағы жобасын ұсынып, грантқа ие болған.

«Жыл басынан бері биологиялық тұрғыдан зерттелген органикалық тыңайтқыш арқылы құнарлы жер көлемін арттыруды көздедім. Осы мақсатта малдың көңінен табиғи тыңайтқыш өндіруді қолға алдым. Тыңайтқышты бау-бақшаға, терекке пайдаланып, жасыл желекті көбейтуге болады. Ауылда үйіліп жататын малдың көңі жазда қызып, түтіндеп, қоршаған ортаны ластайды. Ал, оны өңдесек, экологиялық проблеманы шешіп, ауыл тазалығына үлес қосамыз. Сол себептен, калифорниялық құртты өсіріп отырмын», - дейді Әнуар Нұров.

Оның айтуынша, калифорниялық қызыл құрттың ұзындығы – 10 см, диаметрі – 3-5 мм, салмағы шамамен 1 грамды құрайды. Ал, өмір сүру ұзақтығы – 16 жыл. Кәдімгі жауын құртына қарағанда, 150 есе тез көбейеді. Бұл құрттың жаңа дернәсілі 21 күнде пайда болып, 90-120 күнде үлкейеді. Екі құртың дернәсілі жылына 1,5 мыңға дейін жетеді.

Еске сала кетелік, бұдан атыраулық жалбыз бен жауынқұрт өсіруден табыс тауып отырғанын хабарлаған болатынбыз.