Атыраулықтар Астананың келбетін сенсорлық экраннан тамашалауда

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Астана қаласының 20 жылдығына орай «Астана - Тәуелсіз Қазақстанның нышаны» тұрақты экспозициялық көрмесі салтанатты түрде ашылды,-деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл көрмеелордамыздың 20 жыл ішінде даму жолдары мен тарихи кезеңдерін насихаттау арқылы Астананың абыройын асқақтату, Тәуелсіздігіміздің  бойтұмары - Астана күнінің ел өміріндегі тарихи оқиғалар тізбегінен орын алатын ерекше күн екенін ұғындыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Еліміздің бас қаласы атанған Астананың туған күнінде облыстың руханиятын насихаттау мақсатында тарихи-өлкетану музейі жыл сайын халық назарына ұсынып, өз үлесін қосып келеді»,-дейді музей басшысының орынбасары Сая Ғазимова.

Тұрақты экспозицияда  мемлекет  астанасын  көшіру, атауын өзгерту жөніндегі тарихи құжаттар, Астананың құрылысы мен дамуы, өркендеуі жолындағы  ғимараттар,  әлемдік шаралар, маңызды кездесулер, халықаралық  мамандандырылған  «ЭКСПО-2017»  көрмесі, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің әр жылдарда Астана қаласында ұйымдастырылған көшпелі көрмелерінен сыр шертетін фотосуреттер, кітаптар, заттай жәдігерлер және Астана қаласының орталық алаңының макеті орналасты.

«Атырау облысы «ЭКСПО-2017» көрмесінен 30-ға тарта жобаны жүзеге асырды. Атап айтқанда, ЭКСПО-2017» көрмесінде көтерілген идеялар, «жасыл экономика», баламалы энергетиканы дамыту, қоршаған ортаға өндіріс орындарының тигізер әсерін төмендету бойынша жобалар Атырау облысында да жүзеге асырылды. Көрмеге Атырау облысынан 83 мың адам қатысты. Астанадағы Атырау облысының күндері аясында 1 мыңға жуық өңір тұрғыны өздерінің өнерлерін Елорда төрінде паш етті», - дейді экспозициялық көрме жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ж.Сейітмұхамбетова.

Айта кеткен жөн, экспозицияда қамтылмаған Астана қаласы туралы толық мәлімет қазақ, орыс,  ағылшын тілдерінде және фотосуреттер сенсорлық экранға орнатылды.

«Астана - ұлан ғайыр еліміздің бас қаласы, әлем таныған жас қала. Бүгінгі экспозициялық көрме өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Өзім Астанаға бармасам да, немере-жиендеріммен көрме арқылы таныстырып жүрмін. Өткен аптада Ерке Есілдің жағалауында біздің мұнайлы Атырауымыздың тартуы - көпіріміз ашылды. Әсем қаламыз Астанамызды 20 жасымен құттықтаймын», - дейді көрмені тамашалаушы С.Қайырғалиева.