Атыраулықтар қала маңынан мұнай-химия кешенін салуға наразы - депутат Ұ.Елубаев

АСТАНА. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Атыраулықтар қала маңынан мұнай-химия кешенін салуға наразы. «Менің атыма Атырау қаласының тұрғындарынан және үкіметтік емес ұйымдардан үндеухат келіп түсті. Ондағы көтеріліп отырған мәселе бүгінгі күні Атырау қаласы тұрғындарын алаңдатып отыр. Атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауыты мен «Синопек Инжиниринг» Қытай компаниясы бензол өндіретін әлемдік деңгейдегі бірінші интеграцияланған мұнай-химия кешенін салуды жоспарлаған болатын.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Ұзаққали Елубаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осыған орай, жұртшылық осы кешеннің Атырау облысындағы Қарабатан стансысында емес, қала ішіндегі Атырау зауытының аумағында салу туралы келісімшарт жасалғанына наразы», деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, Атырау облысындағы мұнай-химия кешенін салу шаралары 2008 жылдан басталған. Жобаны 2009 - 2012 жылдары іске асыру болжанған. Бензол өндіретін зауыт салу жылына оны 133 мың тонна және параксилолды жылына 496 мың тонна көлемінде шығаруды қамтамасыз етеді. «Елімізде мұнай өңдеу саласын дамытуға бағытталған іс-шараларды қолдай отырып, сонымен қатар қаланың экологиялық жағдайын ескерген жөн деп ойлаймыз. Үндеуде көрсетілгендей, хош иісті көмірсутектер өндіру зауыты елді-мекеннен кем дегенде 40-50 шақырым жерде орналасуы қажет. Жоғарыда аталған канцерогендердің шығарындылары ауаға тараған жағдайда, қала тұрғындары экологиялық зардап шегеді. Халықтың денсаулығы нашарлап, өмір сүру мүмкіндігі төмендейтіні белгілі. Сондықтан да, аталған кешенді Атырау мұнай өңдеу зауытының аумағында емес, Қарабатан стансысының маңында салуды қарастыру қажет», деді Ұ. Елубаев.