Атыраулықтар көлікке 312,8 млн теңге салық төлемеген
Атырау қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Сармановтың мәліметінше, жыл басында жүргізушілердің көлік салығына қарызы 200 млн 647 мың теңге болған.
«Қазір көлік салығын төлемеген 10 868 адамның берешегі 312 млн 842 мың теңгені құрап отыр. Бұл салықты бұрынғыдай банк органдарына бармай-ақ, «е-Salyq Azamat» және «e-Salyq Business» мобильдік қосымшалары арқылы төлеуге болады. Көлік салығы берешегінің көбеюіне байланысты жергілікті полиция және сот орындаушылармен бірлесіп, рейдтік іс-шараларды күшейту мәселесін қолға аламыз. Өйткені, басқа салық түрлерімен салыстырғанда, көлік салығы едәуір көбейіп отыр. Уақытылы төленбеген жағдайда көлік салығына сот орындаушылары арқылы мәжбүрлеп өндіргені үшін қосымша 25% ақы алынады. Көлік салығының берешегін төлеп үлгеру үшін 1 жыл 3 ай уақыт берілді. Алдағы уақытта осындай фактілер тағы да анықталса, оны тұрғындарға ашық көрсететін боламыз», - деді Нұрболат Сарманов.
Оның айтуынша, кірістер комитеті такси қызметіне бойынша Yandex және InDrive желісіндегі компаниялармен екіжақты келісімшарт жасаған. Соған сәйкес 1 шілдеде салық төлеу қосымшасы іске қосылады. Қосымша арқылы жұмыс беруші және салық төлеуші автоматты түрде салықты төлей алады.
Еске сала кетелік, бұған дейін 25 мыңға жуық атыраулық 580 млн теңгеден астам салығын төлемей жүргенін жазған едік.