Бүгін Президент қазақстандықтарды Амал мерекесімен құттықтап, «Көктемнің алғашқы лебін ала келетін бұл күнді жұртшылық ежелден асыға күткен. Елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам – ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі. Жыл берекелі болсын, ағайын!», -деген еді.
Атырауда Махамбет Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театрының алдындағы алаңға қос киіз үй тігілді. Алаңға жиналған жұртшылық «Амал келді – жыл келді» атты мәдени-көпшілік іс-шараны тамашалады.
Концерттік бағдарлама «Көрісу» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов атыраулықтарды әз Наурыздың жаршысы – Көрісу күнімен құттықтады.
«Біз үшін бүгін – ерекше күн! Бұл күні тек көктеммен бірге тіршілік оянып қана қоймай, қыстан аман шыққан халық ағайынның амандығын біледі. Пендешілікке салынып араздасқан жандар бір-бірін кешіріп, татуласады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, өркениеті дамыған елдердің мәдениеті араласқанда өзіміздің мәдени құндылықтарымызды жоғалтып алмай, берік сақтауымыз керек. Көрісу – ата-бабамыздан бойымызға біткен текті дәстүр. Оны ешқашан ұмытпай, жастарға дәріптеуіміз керек» ,-деді Серік Шәпкенов.
Мерекелік іс-шара М.Өтемісұлы атындағы академиялық қазақ драма театр әртістерінің өнерімен жалғасты. Әртістер көрісу салтын сахналап, сал-серілер өнерін ортаға салды. Жігіттер мен қыздар айтысын көрсетті. Ақсақалдар ақ батасын беріп, жас келіндер қонақтарға шашу шашты.