Атыраулықтар өнеріне тәнті болған Париж тұрғындары тамсана қол соқты

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Дина Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық қазақ халық аспаптар оркестрі Парижде өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Концерт Франциядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған. Ұлы дала музыкасын тыңдауға бес жүзден аса адам жиналды.

Франциядағы Қазақстан елшісі Жан Галиевтің айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан атыраулық әртістердің гастрольдік сапары Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланысты нығайта түседі. Париждегі көрермен қауым Құрманғазы, Дина, Ықылас, Түркеш, Нұрғиса Тілендиев, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский сынды дарындардың шығармаларына тамсанып, тік тұрып қошемет көрсетті.

«Ұлттық аспаптар оркестрінің концерті 28 мамыр күні Париждегі Гавода  классикалық концерттік залында өтті.  53 әртістен құралған оркестр шетелдік тыңдарманға «Шуақты өлкенің шаттығы» бағдарламасын ұсынды. Дина мен Құрманғазының туындылары шырқалды. Одан бөлек Юбер Ив Адриан Жироның «Париж аспанының астында», Жорж Бизенің «Смит серенадасы», Нұрғиса Тілендиевтің «Кел еркем-Алатауыңа», «Пертская красавица» және тағы да басқа да туындылары орындалды, - дейді Атырау облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының өкілдері.

«Біздің гастрольдік сапардың мақсаты - шетелдік аудиторияны қазақтың халықтық музыкасымен, салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныстыру. Париж қаласына келіп, шетелдік тұрғындарға осындай керемет қазақтың өнерін, мәдениеті мен күйін көрсеткенімізге қуаныштымыз. Бүгін тек күйлер ғана емес, әлемдік классикалық шығармаларды да орындадық, халық өте жақсы қабылдады. Қазақтың күйі шет мемлекеттердің төрінде шарықтай берсін», - деді Д.Нұрпейісова атындағы оркестрдің бас дирижері Арман Жүдебаев.

Осылайша Париж халқы қазақ өнерінің құдіреті мен ұлттық аспаптардың шексіз мүмкіндігіне және оркестрдің бас дирижері Арман Жүдебаевтың шеберлігіне тәнті болды.

Айта кеткен жөн, оркестр сапарларында Қазақстандағы Франция елшілігінің шақыртуымен аттанған. Концерт Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың 10 жыл толуы аясында өткізілді.