Атыраулықтар Солтүстік-Каспий жобасының 25 жылдығын атап өтуде

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Атырауда Солтүстік-Каспий жобасының 25 жылдығын мерекелеу іс-шаралары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Бұл - Қазақстандағы теңіз мұнай-газ кен орындарын игерудің алғашқы ірі жобасы. Мерекені атап өту аясында Атырауда «Қашаған Қазақстанның болашағы үшін» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді. NCOC басшылығы мен консорциум ұжымы мен Қашаған кен орнын алғаш ашқан ардагерлердің алдында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйледі. Облыс әкімі жобаның маңыздылығына тоқтала отырып, Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқыды.

«Бұл жоба Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін ең ірі және маңызды жобалардың біріне айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жас мемлекетіміз үшін Каспий қайраңындағы ірі Қашаған кен орнын игеру айырықша оқиға болды. Жобаны іске асыру Қазақстанға шетелдік инвестицияларды, жаңа технологияларды, күрделі теңіз кен орындарын игерудегі әлемдік тәжірибені тартуға мүмкіндік берді. Бұл - осы жобаға қатысқан барлық азаматтардың үлкен еңбегі. Бұл жұмыс әрі қарай да еліміздің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігі үшін пайда әкеледі деп сенемін», - делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауында.

Облыс әкімі Солтүстік Каспий жобасы - бүгінгі күні еліміздің экономикасына айтарлықтай ықпалын тигізіп отырған Қашаған жобасы ғана емес екенін атап өтті.

«Мен бүгінгі ұжымның алдына қойған міндеттерді толық орындайтынына сенемін. Аз жұмыс атқарылған жоқ, алайда алда да еңсеретін жұмыстар көп. «Нөлдік цикл», қоршаған ортаға ұқыппен қарау, қауіпсіздік техникасының мәселелері - бұл жобаның басында тұрған өзекті міндеттер және күні бүгінге дейін өмірлік маңызды проблемалар. Оларды шешу үшін әлемдік мұнай саласының барлық тәжірибесі мен әлеуетін пайдалану қажет», - деп атап көрсетті Нұрлан Ноғаев.
 

Қашаған жобасын іске асыру Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағында жүргізілуде. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов атап өткендей, консорциумның ірі әлеуметтік жобаларды іске асырудағы үлесі айтарлықтай.

«Бұл - президентіміздің жобасы, ол еліміздің, тәуелсіз Қазақстанның дамуына қуатты серпін береді. Мен жақында Ақтау қаласында өткен Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитіне белсене қатысқаны үшін консорциум басшылығына алғыс білдіргім келеді. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі нақты белгіленіп, қол қойылды. Бұл - тарихи оқиға. Саммитті өткізуге сіздің консорциумның қосқан үлесі мол», - деді Ералы Тоғжанов.

NCOC консорциумының басқарушы директоры Бруно Жардэн Каспийдегі кен орындарын игеру жөніндегі болашақтағы жобалар туралы айтып берді. Жобаның экономикалық маңызын айтарлықтай арттыратын перспективалық кен орындары бар. Жобаның тарихы мен бүгінгі жетістіктері туралы қазақстандық мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов, NCOC консорциумының басқарушы директоры Жақып Марабаев және басқалар әңгімеледі.

Сонымен бірге, конференцияда сөз сөйлеген ҚР Энергетика вице-министрі Мағзом Мырзағалиев Каспий қайраңындағы одан әрі қарайғы ынтымақтастықтың перспективаларын атап өтті. Жаңа кен орындарын ашу инвестиция салуды, жаңа технология тартуды және жаңа жұмыс орындарын ашуды талап етеді. Бүгінгі күні консорциум шамамен 16 млн тонна мұнай мен конденсат, 5 млрд текше метрден астам газ өндірді, 700 мың тоннадан астам күкірт экспорттады. Бұл - Қазақстанның теңіз жобаларын дамытудың бастамасы ғана. 



Конференция соңында консорциумның бірқатар басшылары, жауапты қызметкерлер, жоба ардагерлері «Қазақстанның мұнай-газ саласының еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстанның мұнайгаз саласын дамытқаны үшін» медалімен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Сондай-ақ, 29 тамызда Солтүстік Каспий жобасының 25 жылдығын тойлау «Қашаған дауысы» вокалды орындаушылардың музыкалық конкурсымен жалғасады. Іс-шара Н.Жантөрин атындағы филармонияда өтеді. Сол күні кешке Сұлтан Бейбарыс атындағы алаңда Атырау тұрғындары мен қонақтары үшін ойын-сауық бағдарламасы басталады. Көрермендердің назарына сурет салудан шеберлік сыныптары, көше би топтарының өнерлері ұсынылады. Сонымен қатар, «Бешикташ» ФК футбол шеберлігі бойынша шеберлік сыныптары өтеді.