Мерейтойдың «Киелі мекен - Кең Жылыой» атты мерекелік бағдарламасында бірқатар мәдени шаралар бар. Мәдени шаралардың ішінде Жүрсін Ерман басқаратын ақындар айтысында Қазақстанның аймақтарынан келген суырып-салма 14 ақын өзара бақ сынамақ.
29 қыркүйек күні сағат 10-00-де Орталық алаңда «Sarmad» этнофольклорлық ансамблінің және Атырау облыстық филармониясы мен Жылыой ауданы әртістерінің қатысуымен концерт өтеді.
Сағат 15-00-де «Бәйге» алаңында ұлттық ат спорты ойындары ұйымдастырылып, жеңімпаздар ақшалай ұтыстарға ие болады. Айта кетейік, жарыстарға қатысуға ниет білдіргендердің барлығы арнайы тіркеу шарасынан өтулері керек.
Шараны ұйымдастырушылар бағдарлама аясындағы жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай және құнды сыйлықтарын дайындап отыр. Айталық онда қазақ күресінен жеңіп шыққан 1 орын иегері 500 мың теңге алады. Осы спорт түрінен екінші орыннан көрінген азамат 300 мың теңге, ал үшінші орын алған адам 100 мың теңге алады. Кір тасын көтеруден 1-орынға 50 мың, 2-ші орынға 30 мың, 3-ші орынға 20 мың теңге тігілген.
Қол күрестіру сайысының жеңімпазына да 50 мың, екінші орын алған адамға 30 мың, 3-ші орынға 20 мың теңге беріледі.
Ал «Аламан бәйге» жарысының жеңімпазы жол талғамайтын «Nissan Terrano» маркілі көлігін алады. Екінші орынды алған адам мотоциклге ие болады. Үшінші орынға 300 мың теңге тағайындалған. «Топ бәйгенің» 1-інші орнына «Нива» маркілі көлігі, 2-інші орнына 500 мың теңге, 3-інші орнына 200 мың теңге тігілген.
Сағат 18-00-де мереке Құлсары қаласының орталық стадионында ұйымдастырылатын үлкен гала-концертке ұласады. Онда Мөлдір Әуелбекова, Өмірқұл Айниязов, Қуандық Рақым, Ғазизхан Шекербеков, Бейбіт Күшқалиев сияқты қазақстандық эстрада жұлдыздары мен «Назар» тобы өнер көрсетпек.