Атыраулықтарды 4 млн теңгеге алдаған алаяқтың ісі сотқа жолданды
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдікті алданған адамдардың 4 млн теңгеге жуық қаржысын жымқырған.
«Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 1988 жылғы күдіктінің қаңтар-наурыз айы аралығында тұрғындарды жұмысқа орналастырамын деп алдап, қомақты ақша қаражатын жымқырғаны анықталды. Күдікті тұрғындарды ірі мұнай компанияларына жұмысқа орналастыру үшін әрқайсысынан 100 мыңнан 150 мың теңгеге дейінгі көлемде қаржы алып отырған. Сөйтіп, Атырау қаласында тұратын 40-қа жуық адамның 4 млн теңгедей қаржысын алаяқтық ниетпен жымқырған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері 1988 жылғы күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Аталған баппен сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.
«Алаяқтық әрекет жасаған күдікті өзінің кінәсін толықтай мойындады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу кезінде анықталған 40 эпизодты қылмыстық іс сотқа жолданды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында киберполицейлер жұмысқа кіріскенін хабарлаған болатынбыз.
«Интернеттегі түрлі ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы алаяқтардың арбауына түсетіндер артып отыр. Қазір алаяқтар өзін полиция қызметкері ретінде таныстырып, жақындары жол-көлік оқиғасына тап болды, немесе басқа да заңсыз әрекеттерді жасады деп алдайды. Осындай киберқылмыстардың жаңа түрін анықтау, алдын алу мақсатында «Киберпол» тобы құрылды», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.