Атыраулықтарға үй алып беремін деген алаяқ әйел жазасын алды
18:15, 15 Қазан 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атыраудың №2 қалалық соты «мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алып беремін және несие алуға көмектесемін» деп атыраулықтарды алдап кеткен алаяқ әйелді бес жылға соттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұрын алаяқтық жасағаны үшін үш рет сотты болған Атырау қаласының 48 жастағы тұрғыны бір танысына кезексіз үй алып беремін деп, 1,5 млн теңге алған екен. Кезексіз баспаналы болсам деген тағы бір танысына өз «қызметін» миллион теңгеге ұсынған. Ал, банктен пайызы төмен несие алғысы келген адамдардан жүз мыңдап ақша алып отырған. Алаяқ ақша алған соң «уәдесінен» тайып, қашып кеткен. Сот оның мүлкін тәркілей отырып, бес жылға соттады», - деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметі.