Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға өткен жылғы 24 қараша күні Жосалы кентіндегі «Мағжан» кафесінде орын алған. Алдымен «Думан» кафесінде танысы Е.Көбжановпен бірге арақ ішкен полиция қызметкері спиртті ішімдікті ішуді жалғастыру үшін осында келген. Танысын ертіп кафеге кіргесін Е.Раисов сатушы А.Сарбаловадан арақ сұраған. Ал сатушы кафеде арақ сатылмайтынын және оның жабылатынын айтқанда, қоғамдық сақшы өзімен бірге алып жүрген «ПМ-9» модельді қызметтік тапаншасын қынабынан шығарып, көпшіліктің көзінше кафе төбесіне қарай бір рет оқ атқан. Ол бұл бейбастақтық әрекетін одан әрі жалғастырып, екінші рет тапаншамен төбеге қарата оқ атқан.
Осы оқиға бойынша 25 қарашада Е.Раисовке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал Қармақшы аудандық сотының үкімімен Ерболат Раисов ҚР ҚК-нің 257-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына сотты болды.