«Ғимараттың алдыңғы бетіндегі кондиционерлер мен антенналар жаппай алып тасталады! Осындай ақпарат таралғалы біраз шу шығып еді. Тілшілеріміз мәселенің мән-жайын сұрап Ұлттық экономика министрлігіне барды. Анықталғандай, жергілікті атқарушы органдар халыққа дұрыс түсіндірмеген. Соның салдарынан түсініспеушілік туындапты», - деп жазады телеарна.
1 наурыздан бастап күшіне енген талап құрылысы енді басталатын үйлер мен тарихи-мәдени мұра саналатын нысандарға ғана қатысты. Және бұған дейін орнатылған ауа баптағыштардың көзін құртуды ешкім талап етпейді. Тіпті құзыретті орган бұл ережені болашақта мүлдем алып тастау мәселесін қарастырып жатыр.
«Қазіргі кезде ауа баптағыштарды көппәтерлі тұрғын үйлердің қас беттерінде орналастырмау туралы талап тек орталықтағы магистральді көшелерге ғана таралады. Бұл талап жеке шағын үйлерге және қаланың сыртында орналасқан үйлерге қойылмайды. Қазіргі кезде бұл қағидаларға тиісті өзгертулер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Болашақта бұл талапты алып тастау мүмкіндігі де қарастырылуда», - Ұлттық экономика министрлігі Техникалық реттеу және нормалау басқармасының басшысы Сәуле Мұстафаева.