Ауа райына байланысты Алматы әуежайында ұшақтың қонуы қиындады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы халықаралық әуежайына бірнеше ұшақ бірден қона алмады. Оған ауа райының қолайсыздығы себеп болды.
Air Astana компаниясының мәліметінше, KC 932 Бангкок-Алматы рейсін орындаған ұшақ найзағай мен желдің күшеюінен байланысты айналып келуге мәжбүр болды. Екінші рет жасаған әрекетінде әуе кемесі штаттық режимде қонды.
FlightRadar қызметінің хабарлауынша, Шарджадан Air Arabia G9 251 және Ташкенттен Air Astana KC 128 рейстері де қона алмай жүрген. Соның салдарынан БАӘ-ден ұшатын рейс сәл кешіктірілді.
Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі, күн райының қолайсыздығына байланысты, рейстердің кешігуі мүмкін екенін ескертті.
«Қазгидроменттің болжамына сәйкес, сағат 14:40-тан 19:00-ге дейін дауылды жауын-шашын болады деп күтілген. Желдің екпіні секундына 15 метрге жетіп, көру мүмкіндігі нашарлайды. Осыған орай, рейстер кешігуі мүмкін. Ұшу немесе қону туралы шешімді әуе компания экипаждары қабылдайды», - деп хабарлады әуежайдан.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда қыркүйекке дейін тағы бір көше жабылатынын жазған едік.