Ауа райының қолайсыздығына байланысты Қарағанды облысында жолдар жабылды

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 12 қазанда сағат 19:00–де ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1291-1426 шақырымы аралығындағы Астана-Теміртау бағытында сондай-ақ  «Қызылорда-Павлодар», «Қарағанды-Аягөз-Боғаз» бағытында автокөліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады. Бұл туралы ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясының баспасөз қызметі мәлім етті.

12 қазанда сағат 19:30–да ауа райының бұзылуына байланысты «Қызылорда-Павлодар» автожолының 967-1135 шақырымында (Қарағанды қ. — Павлодар облысының шекарасы) және «Қарағанды-Аягөз-Боғаз» автожолының 17-217 шақырымында (Қарағанды қ. — Қарқаралы қ.) автокөліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады. Павлодар облысында ауа райының бұзылуына байланысты Қарағанды облысында «Қызылорда-Павлодар» автожолының 1135-1206 шақырым аралығындағы Қарағанды облысынан Шидерті ауылының шекарасына дейінгі учаскеде автокөліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

«Қарағандылықтар! Өздеріңі көріп отырғандай ауа райы нашарлап барады. Қарағанды — Астана тас жолы жабылды, жол полиция нарядтары қойылды. Қазіргі уақытта қалың қар жауып тұр, жел бүйірден соғып, ауа температурасы -6 градусқа дейін төмендейді деп күтіледі. Қалада барлық автокөлік жолдары мен магистраль жолдаға құм-тұз қоспасын себу жұмыстары жедел жүргізілуде. Бұл жұмыстар тоқтаусыз жалғасатын болады. Құрметті көлік жүргізушілері жолда өте мұқият болуларыңызды сұраймын. Мүмкіндік болса, жазғы шиналарды қысқыға ауыстырып үлгеріңіздер», — деп үндеу жасады Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожықов әлеуметтік желідегі парақшасына.