Ауа райының нашарлауына байланысты үш өңірде жолдар жабылады
АСТАНА. KAZINFORM — Ауа райының нашарлауына байланысты тағы үш өңірде, атап айтқанда Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарында көлік қозғалысына шектеу қойылады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК басапасөз қызметі хабарлады.
— 2024 жылғы 21 қарашада сағат 17:30–да ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1353-1426 шақырым аралығында (Ақмола облысының шекарасынан Теміртау төлемақы алу пунктіне дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады. Сонымен қатар, 2024 жылғы 21 қарашада сағат 17:30–да Қарағанды облысында ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1291-1353 шақырым аралығында (Жібек Жолы төламқы алу пунктінен Қарағанды облысының шекарасына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылады. Жолдарды 2024 жылғы 22 қараша сағат 08:00–де ашу жоспарланған, — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, 2024 жылғы 21 қарашада сағат 18:00–де ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1426-1457 шақырым аралығында (Теміртау төлемақы алу пунктінен Қарағанды қаласына дейін) жүк және жолаушылар көліктерінің қозғалысына шектеу қойылады. Жолды 2024 жылғы 22 қараша сағат 07:00–де ашу жоспарланған.
— «Қазгидромет» болжамдарына сәйкес ауа райы жағдайларының нашарлауына байланысты (көрінудің шектелуі, үстіңгі қар, бұрқасын, көктайғақ), автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды және республикалық маңызы бар а/ж 10 учаскесінде (Ақмола, Қарағанды) жүк және қоғамдық автокөлік үшін қозғалыс шектелді. Павлодар облысында жабу жоспарлануда, — делінген Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан хабарламада.
ТЖМ қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.
— Дауылды ескерту жариялаған кезде, әсіресе қараңғы уақытта алыс жерлерге сапарға шығудан бас тартып, жаяу жүруден аулақ болыңыздар. Ауа райы жағдайы мен автожолдардағы көлік қозғалысының шектеулері туралы ақпаратты бақылаңыздар, — деп ескертті ведомство.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қарағанды облысында ауа райының бұзылуына байланысты «Екатеринбург-Алматы» автожолының 1505-1610 шақырымы аралығында (Новостройка ауылы — Ақсу-Аюлы ауылы) жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына шектеу қойылғаны белгілі болды.