ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында желдің күшейетіні жөнінде ескерту жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде 27 желтоқсан күні желдің жылдамдығы секундына 17-22 метрге дейін жетеді. Күн жауын-шашынды болып, боран соғып, тұман түседі, көктайғақ болады.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті тұрғындар арасында төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында СМС-хабарламалар жіберуде. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, өмірлік маңызы зор нысандардың қалыпты қызметін қамтамасыз ету бағытында шаралар қолға алынуда.
БҚО ТЖ департаменті, сондай-ақ көктайғаққа байланысты жергілікті сағат 16.00-ден бастап республикалық маңызы бар "Орал-Тасқала-РФ шекарасы" жолының жабылғандығын жеткізді.
Өңірде соңғы күндері бұрқасын көтеріліп, әсіресе, жолға шыққандардың жағдайы қиындай түсуде. Бұл жөнінде аудан-ауылдардан вацап арқылы хабарлар келіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауа райына байланысты ескерту жарияланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).