АУА РАЙЫ: Бүгін еліміздің кей өңірлерінде жел күшейіп, бұршақ жаууы ықтимал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстанның көптеген бөлігінде атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты тұрақсыз ауа райы күтіледі, кей жерлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жел күшейеді, жекеленген аудандарда бұршақ жаууы ықтимал. Тек республиканың солтүстігі мен орталығында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі.

Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі хабарлайды. Жамбыл облысының кей жерлерінде жел 15-20 м/с-ға дейін күшейіп, бұршақ жаууы мүмкін.

Оңтүстік Қазақстан, күндіз Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде жел 15-20 м/с-ға дейін күшейеді. Қостанай облысының кей жерінде жел 15-20 м/с-ға дейін күшейіп, түнде және таңертең тұман болады.

Атырау облысының басым бөлігінде, Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде өте қатты ыстық сақталады.

Маңғыстау, Ақтөбе облыстарының басым бөлігінде, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарының кей жерлерінде қатты ыстық күтіледі.

Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының басым бөлігінде, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде өте жоғары өрт қаупі сақталады.