Ауа райы: Сенбіде жел күшейіп, қар жауады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Синоптиктердің болжауынша сенбіде елімізде жел күшейіп, тұман түседі, қар жауады, көктайғақ болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«3 қарашада Қазақстанның басым бөлігі белсенді ағындар аймағының ықпалында болуына байланысты құбылмалы ауа райы сақталады, қар жауады, тек еліміздің батысы мен оңтүстігінде күн райы ашық. Кей жерлерінде екпінді жел соғып, тұман түседі, көктайғақ болады, бұрқасын соғады», - делінген Қазгидромет хабарламасында.
Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының кей жерлерінде көктайғақ болады, бұрқасын соғуы ықтимал, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді, Ақмола облысында түнде жел 25 м/с дейін үдейді. Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде бұрқасын соғады, түнде кей жерлерде тұман түсуі ықтимал, желдің екпіні 15-20 м/с, Қарағанды облысындағы кей жерлерде - көктайғақ болады, күндіз Шығыс Қазақстан облысының жекелеген аудандарында желдің екпіні 25 м/с жетеді. Павлодар облысында кей жерлерде бұрқасын, көктайғақ күтіледі, жел 15-25 м/с күшейеді.
Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, түнде Алматы облыстарының кей жерлерінде тұман күтіледі, Жамбыл облысының кей жерлерінде көктайғақ болады, күндіз желдің жылдамдығы 15-20 м/с.