Ауа райына байланысты Алматы облысының «Рубеж» бекетінде 200-ге жуық автокөлік тұр - ТЖМ

АСТАНА. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат - Ауа райының күрт нашарлауына байланысты Алматы облысының «Рубеж» бекетінде 200-ге жуық автокөліктен құралған колонна жиналып қалды,

деп хабарлады ТЖМ-ның баспасөз қызметі.

Министрліктің ақпаратына сәйкес, ауа райы жағдайының нашарлауы себепті жұма, қаңтардың 22-сі күні сағат 20.30-да Алматы-Өскемен автожолының жабылуына байланысты, «Рубеж» бекетінде 396 жолаушысы бар 15 автобус, 100-ге жуық жүк және 50 жеңіл автокөлік тоқтап тұр. «Адамдарға тамақтану жағдайы ұйымдастырылып, қосымша жедел медициналық жәрдемнің 2 экипажы мен Жол полициясы басқармасының қызметтері жұмылдырылды», делінген ТЖМ-ның мәлімдемесінде.

Қазіргі уақытта «Қазақавтожолдың» техникалық күшімен жолдарды тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Осы күні екі сағаттан кейін Шығыс Қазақстан бағытына қарай Алматы-Өскемен автожолы қайта ашылып, бірінші кезекте жіберілген жолаушылар автобусына Жол полициясы басқармасының қызметкерлері ШҚО-ның шекарасына дейін ілесіп барды. Одан кейін арасына 40 минут салып өз қозғалыстарын жеңіл және басқа автокөліктер жалғастырды.

Қаңтардың 23-і сағат 06.00-дегі жағдай бойынша «Рубеж» бекетінде үлкен көлемді 25-30 жүк көлігі қалып отыр. ТЖМ-ның мәліметіне сәйкес, машиналар қозғалыстарын көп кешікпей жалғастыратын болады.