Ауа райына байланысты ШҚО-да түрлі бағыттағы 6 жолаушылар пойызы қозғалысын тоқтатты

АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат - Ауа райының бұзылуына байланысты Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында бірқатар бағыттардағы 6 пойыздың қозғалысы тоқтатылды,

деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінен.

Ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жолаушылар пойыздарының жүру кестелері аталмыш өңірде қарлы боран болуы себепті бұзылған.

Мәселен, Аягөз стансысында өткен дүйсенбі, наурыздың 8-і күнгі сағат 23.55-тен бастап «Павлодар-Алматы» бағытындағы №31-ші пойыз, наурыздың 9-ы таңғы сағат 7 жарымнан бастап «Новосібір-Алматы» бағытындағы №325-ші және осы күнгі 9.00-ден бері «Новосібір-Ташкент» бағытындағы №369-шы пойыздар тоқтап тұр.

Сондай-ақ, Ақтоғай стансысының 30-шы разъезінде наурыздың 8-і сағат 14.35-тен бастап «Защита-Алматы» бағытындағы №351-ші пойыздың қозғалысы шектелді.

Ал Ақтоғай стансысының өзінде кеше, кешкі сағат 21.40-тан бастап №352-ші «Алматы-Защита» және бүгін таңертен сағат 11.00-ден бастап №312-ші «Қарағанды-Семей» бағыттарындағы пойыздар қозғалыстарын тоқтатуға мәжбүр болды.

Қазіргі уақытта аталмыш учаскілерде қардан тазарту пойызы жұмыс істеуде.