Ауа райына байланысты тоқтатылған Астана-Үрімші бағытындағы пойыз 19 сағаттан кейін қозғалысын жалғастырды

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат - Ауа райының нашарлауы себепті «Астана-Үрімші» бағытындағы пойыздың қозғалысы Алматы облысы Бескөл стансысында тоқтатылды,

деп хабарлады қаңтардың 21-і күні ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметінен.

Болат жолдарды мол түскен қардың басып қалуы себепті, аталмыш бағыттағы пойыздың қозғалысы қаңтардың 20-сы күні сағат 12.55-те тоқтатылған болатын. Ауа райының қолайсыздығына байланысты аталмыш учаскеде тазарту жұмыстарын белгілі уақытқа дейін жүргізу мүмкін болмады. Дегенмен, бүгін, қаңтардың 21-і күні таңертеңгі сағат 08.05-те пойыз өз қозғалысын қайта жалғастырды.

«Пойыздың барлық 270 жолаушы дін-аман және қандай да бір медициналық көмекті қажет етпейді», деп анықтады ведомство баспасөз қызметінің басшысы Эльдор Райымбеков.