Ауа райының күрт бұзылуына байланысты жолаушылар пойыздарының қозғалысы тоқтатылды

АСТАНА. 5 қаңтар. ҚазАқпарат - Ауа райының күрт бұзылуына байланысты жолаушылар пойыздарының қозғалысы тоқтатылды,

деп хабарлайды ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

«Алакөл ауданында «Көктума» учаскесінің 228-230 шақырымында ауа райының қолайсыздығына байланысты (секундына 35-40 метрге дейін жететін күшті жел, бұрқасын, қол созар жердегінің көрінбеуі) 4 қаңтар күні 10 сағат 20 минутта «Алматы-Үрімші» бағытындағы №14 жолаушылар пойызының қозғалысы тоқтатылды (пойыз Үштөбе стансасында тұр).

Ал 09 сағат 25 минутта «Үрімші-Алматы» бағытындағы №13 жолаушылар пойызының қозғалысы тоқтатылды (пойыз Достық стансасында аялдап тұр). Пойыздар автономды түрде жылытылуда, жолаушылар азық-түлікпен қамтамасыз етілді», - делінген баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.