Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты бірқатар аймақтарда күре жолдар жабылды

АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат - Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты Қазақстанның бірқатар аймақтарында күре жолдар жабылды,

деп хабарлады бүгін ҚР ТЖМ-ның баспасөз қызметінен.

Ауа райының суытуына орай, қаңтардың 26-сынан 27-сіне қараған түні Солтүстік Қазақстан, ал бүгін таңсәріде Ақмола облысы мен Астана қаласынан шығатын барлық бағыттар бойынша қоғамдық және дизельді көліктер үшін тас жолдарда қозғалыс шектетілді.

Айта кетейік, көктайғақ және бұрқасынның болуы салдарынан қаңтардың 25-і күні Алматы облысында көліктің барлық түрлері үшін «Үшарал-Достық» автожолы жабылса, Шығыс Қазақстан облысында күшті боранның болуы себепті республикалық маңыздағы «Таскескен-Бақты» (126-187 шақырым аралығында), «Омбы-Майқапшағай» (910-1002) және облыстық маңыздағы «Күршім-Қалжыр-Ақбұлақ-Қарой-Аршалы» тас жолы кешеден бері жабық.

Сондай-ақ осы күні Маңғыстау облысында «Ақтау-Жетібай» күре жолында, ал Павлодар облысында барлық бағыттар бойынша қозғалыстарға тыйым салынған болатын.