Ауаның ластануынан жыл сайын 6,5 млн адам ажал құшуда

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер бетіндегі халықтың 92 пайызы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сапа стандарттарына жауап бермейтін ауамен тыныстауда.

Осының салдарынан жыл сайын 6 жарым миллион адам ажал құшады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа есебінде осындай мәлімет жарияланды.

«Жер бетіндегі әрбір оныншы тұрғын ғана ауа сапасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес келетін аудандарда тұрады. Еуропа мен Солтүстік Америкада ауаны тазарту үшін көп күш-жігер жұмсауда. Бірақ бұл әрекеттердің өзі мардымсыз. Әсіресе Азия, Африка мен Жерорта теңізінің оңтүстігінде өмір сүретін адамдар үлкен зардап шегуде. Аталған мәліметтер спутниктік мониторинг, химиялық сараптамалар және басқа әдіс-тәсілдердің көмегімен алынған. Ауасы қатты ластанған тұрғындарда инсульт, жүрек және онкологиялық аурулар жиі ұшырасады. Кейбір азиялық елдердің билігі экологиялық проблемалармен күресуге күш салуда. Бейжіңде 2020 жылға қарай көмір өндіру көлемін 20 пайызға азайтып, өндірістік қалдықтар санын 50 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Ал Оңтүстік Корея 2019 жылға дейін ескі көліктер мен дизельді отынмен жүретін автобустардан біржола бас тартпақ», - дейді ДДҰ экологиялық бақылау департаментінің басшысы Мария Нейра.

«Хабар 24» арнасы 

Соңғы жаңалықтар