Ауасы ластанған Атырауда қоршаған ортаны қай компаниялар бүлдіреді

Фото: Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

АТЫРАУ. KAZINFORM — Бір ғасырдан астам мерзімнен бері мұнай өндірілетін Атырау облысында экология мәселесі асқынып тұр. Президент наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында атыраулықтарды алаңдатқан осы мәселеге назар аударған еді. Осыған байланысты не істелді, қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр?

Жол картасындағы іс-шаралар орындалды ма?

Атырау облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есеновтің айтуынша, мұнайлы өңірдің экологиялық проблемасын кешенді шешу мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы жасалған. Онда 45 іс-шара жоспарланған.

Фото: Pexels

— Жол картасын іске асыру үшін биыл 4 іс-шара қамтылды. Біріншісі — Атырау облысының атмосфералық ауасының жай-күйін кешенді бағалау үшін шектеулі рауалды шығарындылардың (ШРШ) жиынтық томын әзірлеу. Жиынтық том әзірлеуге облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы тапсырыс берді. Оны мердігер мекеме — «Экосервис» ЖШС әзірледі. Екіншісі — Құрманғазы, Махамбет және Жылыой аудандарында кәріз-тазарту құрылыстарын салу жобасы. Осыған байланысты облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тапсырысымен Құрманғазы ауданында кәріз-тазарту құрылысын жүзеге асыру үшін жобалау-сметалық құжаттамасын «Едем Строй» ЖШС дайындады. Қазір бұл жоба сараптамаға жіберуге дайындалды. Ал, жобалаушы компаниялар — «VODECOFILTR» ЖШС Жылыой ауданында, «Қазақ Су Арна Жоба» ЖШС Махамбет ауданында осындай жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр, -дейді Ерлан Есенов.

Оның дерегіне сүйенсек, үшіншісі — Жылыой ауданының «Теңізшевройл» ЖШС нысандарына жақын орналасқан елді мекендерінде атмосфералық ауаның жай-күйін бағалау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу. Қазір бұл жұмысты «Атмосферадағы ауаны қорғау республиккалык ғылыми орталығы» ЖШС-нің мамандары қолға алған.

Соның нәтижесімен зерттелетін аумақтың атмосфералық ауасын ластаудың ықтимал көздері көрсетілген кәсіпорындар картасы әзірленеді. Ғылыми зерттеу жұмысы бойынша қорытынды есеп 2024 жылғы 31 қаңтарына дейін аяқталады.

Ал, төртіншісі — Атырау қаласының маңындағы «Тухлая балка» булану алаңын рекультивациялауды аяқтау. Жайық өзенінің сол жағалауында қаладан 1,5 шақырым жерде орналасқан нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіпті. 

Бұл жұмысты іске асыратын мердігер мекеме айқындау мақсатында ашық электрондық конкурсқа тапсырыс өткізілді. Конкурстың қорытындысымен «Павлодар өзен порты» АҚ жеңімпаз атанып, қалпына келтіру жұмыстары жасалды. Жаңадан салынған тазарту қондырғысының іске қосылуына байланысты Атырау қалалық әкімдігіне тиесілі бөлігінде ағынды су ағызылмайды.

Фото: видеодан алынған скрин

Ал, «АМӨЗ» ЖШС-ға қарасты бөлігінде булану алаңын 4 секторға бөлу жұмысы жасалып, 1 және 2-секторды рекультивация аяқталды. Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы зауыттан шығатын ағындарды жаңадан салынған тазарту қондырғысына қабылдаудан бас тартуына байланысты 2 секторды рекультивация жұмысы уақытша тоқтатылды.

Департамент басшысының міндетін атқарушының пікірінше, заңнамаларға енгізілген өзгерістерді ескеріліп, 2024-2026 жылдарға арналған жаңа Жол картасы жасақталған. Оны бекіту мәселесіне байланысты келісім жүріп жатыр. 

— Биыл бірінші жартыжылдықта 1-санатты ірі кәсіпорындар табиғатты қорғау іс-шараларына 22 млрд 760 млн 863 мың теңге бөлуді жоспарлаған еді. Оның ішінде 10 млрд 294 мың 787 мың теңге игерілді. Бұдан басқа облыстық әкімдік арқылы жоспарлаған табиғат қорғау іс-шараларының 80 пайызы орындалды. Мәселен, атмосфералық ауаға бақылау жүргізуге қажетті жаңа құрал-жабдықтар алынды. Исатай және Қызылқоға ауданындағы канал жағалауында бөгет тұрғызу жұмысы орындалды. Енді алдағы 2025 жылы Атырау қаласында Жайық өзенінің оң жағалауында аяқталатын бірнеше жоба бар. Оның бірі — сарқынды сулардың булану алаңын тазалау. Екіншісі — кәріз-тазарту құрылыстарын қайта жаңарту, — деп мәлім етті Ерлан Есенов.

Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

Әкімшілік айыппұлдың әсері жоқ

Экологтің мәліметінше, қоршаған ортаға шығарынды тастайтындардың қатарында мұнай-газ өнеркәсібіндегі компаниялар бар.

— Мәселен, бірінші жартыжылдықта «Теңізшевройл» ЖШС-ға 142,956 мың тонна шекті шығарындыларға лимит берілген. Нақты шығарындылары 30,465 мың тоннаны құрады. Ал, «Норт Каспиан Оперейтинг Компании Н.В.» компаниясының лимиті 61,507 мың тонна болса, нақтысында ауаға 10,2 мың тонна ластаушы заттар шығарды. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің шекті шығарындыға рұқсаты 16,224 мың тоннаны құраған еді. Бірінші жартыжылдықта шығарылғаны — 5,402 мың тонна. «Атырау жылу электр орталығы» АҚ атмосфералық ауаға 11,840 тонна шекті шығарындылар шығаруға рұқсат алды. Бірақ, шығарындылары 3,378 мың тоннаны құрап отыр, — деді Ерлан Есенов.

Дегенмен, эмиссиялар нормативін асыра пайдаланатын кәсіпорындар бар. Соның бірі — Атырау мұнай өңдеу зауыты. Бұл экология департаментінің мамандарының жоспардан тыс тексеруі кезінде анықталған. Бірақ, мұнай-газ өнеркәсібіндегі компаниялар бірнеше рет айыппұл салынса да табиғитты бүлдіруді тоқтатар емес.

Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысты экологиялық заңнаманың сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша «АМӨЗ» ЖШС-ға жалпы сомасы 1,8 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Өйткені, бұған кәсіпорынның эмиссия нормативтерін және эмиссияларды асыра пайдалану, өндірістік экологиялық бақылауды бұзу және авариялық жағдайларды хабарламауы себеп болған. 

Сондай-ақ, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті экология департаментінің өтініші негізінде тексерілмеген өлшем құралдарын пайдаланғаны үшін тексеру жүргізген. Соның қорытындысымен «АМӨЗ» ЖШС-ға 5,9 млн теңге әкімшілік айыппұл салынған. 

Ал, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалына жүргізілген бақылау кезінде табиғатты экология қорғау заңнамасын бұзудың бірнеше дерегі анықталған. Бұл компания 4 жылдан бері заң талабын бұзып келеді. 

Фото: ТЖМ

— Біріншіден, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары толық көлемде және уақтылы орындалмаған. Екіншіден, сарқынды суды тазартылмаған күйде әрі нормасыз ағызып жіберу дерегі бар. Үшіншіден, мемлекеттiк экологиялық сараптаманың қорытындысында қамтылған талаптар орындалмай отыр. Төртіншіден, күкірт блогын игеру кезінде талаптар бұзылып, атап айтқанда, шаңды басу жұмысы жүргізілмейді. Бесіншіден, өнеркәсiптiк шығарындылардың сынамасын алу үшiн арматура жоқ. Алтыншыдан, жобада көзделмеген 2 көлбеу контейнерлік резервуар және күкірт қышқылы бар бірнеше тынық резервуар орнатылды. Жетіншіден, былтырғы 3 тамызда өңделмеген күкіртті газды бақылаусыз шығару және шикі күкіртті газды авариялық жағу нәтижесінде реттелмейтін шығарындылар жүзеге асырылды. Сегізіншіден, 2020 жылғы 4-тоқсанда, 2021 жылғы 4-тоқсанда және 2022 жылғы 4-тоқсанда (ПЭК есептері бойынша) артық шығарындыларды (разрядтарды) іске асырды. Тоғызыншыдан, күкіртті шамадан артық орналастырды. Жобалық деректерге сәйкес, көрсетілген карталар күкіртті шикізат ретінде уақытша орналастыруға және кейіннен сатуға арналған. Алайда, НКОК бүкіл көлемі алынбай орналастырылған. Оныншыдан, зертханалық зерттеу нәтижесі бойынша стандартталмаған және булану резервуарларында экологиялық рұқсатсыз жүргізілетін күкіртті сутегі анықталды, — деп мәлімдеді Ерлан Есенов. 

Осындай бұзушылықтар анықталған соң НКОК компаниясына жалпы сомасы 12 млрд теңгеден астам айыппұл салынған. Айыппұл өндіріліп алынған. 

Сондай-ақ, қауіпті қалдықтар айналымы саласындағы заңнаманың сақталуына прокуратура органымен бірге талдау жүргізілген. Соның нәтижесімен «Каспий нефть» АҚ-ға экологиялық рұқсатсыз қызметті жүзеге асыру дерегімен 13,6 млрд теңгеден астам айыппұлдар салынып, өндірілді.

Қарсылыққа тап болған қоғамдық тыңдау

Жақында «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС кешенді экологиялық рұқсат алу үшін қоғамдық тыңдау өткізді. Бірақ, қоғамдық тыңдау қарсылыққа тап болды. Неге?

Өйткені, зауыт басшылығы экологиялық рұқсатты 1 не 2 жылға емес, 10 жылғы алғысы келетінін білдірді. Ал, бұған жұртшылық қарсы шықты. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов қоғамдық тыңдауды тоқтатуға мәжбүр болды. 

Атырау облыстық мәслихатының депутаты, экология жанашыры Арман Хайруллиннің пікірінше, зауыт басшылары ұсынған жобада бірнеше кемшілік бар. Алдағы 10 жылда қолданылатын жаңа технологиялар ұсынылмаған. 

Фото: Арман Хайруллин/Facebook

— Мен осы жобадан 14 кемшілік таптым. Осы кезге дейін зауытқа мұндай рұқсат 1 немесе 1,5 жылға ғана берілетін еді. Енді сондай рұқсаттың мерзімін 10 жылға созғысы келеді. Бірақ, мұнай өңдеу зауыты бұған мүлдем дайын емес. Оған нақты дәлелдерім бар. Жалпы, зауыт біртіндеп 10 жыл ішінде заманауи технологияларды енгізуі шарт. Алайда, бұл жобадан жаңашылдық көрмедім. Егер бұл жоба қолдау тапса, зауыт кемінде он жыл бойы жауапкершілікті өз мойнына алмайды. Зауыт экологиялық эмиссиялардан босатылады. Қазір зауыттағы баяу кокстеу цехы ескірді. Онда 1989 жылғы технологияны қолданады. Міне, осындай мәселелерге баса назар аудару қажет, — дейді Арман Хайруллин. 

Ал, зауыттың бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтың дерегіне сүйенсек, кәсіпорында қоршаған ортаға жіберілетін зиянды шығарындылар азая бастаған. Мәселен, бұрын ауаны дастайтын шығарындылар көрсеткіші 14,5 пайыз болған. Қазір бұл көрсеткіш 8,2 пайызға төмендеген.

Экологияны жақсарту үшін не істеу қажет?

Атырау облысының нашарлаған экологиясын жақсартуға бола ма? Бұл үшін қандай іс-шара қолға алынуы қажет?

Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, экологиялық жағдайды жақсарту үшін ботаникалық бақ ашылады. Ботаника және фитоинтродукция институты дайындаған жоба бойынша ботаникалық бақ экспозициялық, қоғамдық, ғылыми және өндірістік-шаруашылық зоналарға бөлінеді.

Фото: Jibek Joly телеарнасы\видеодан алынған кадр

— Экология — біз үшін өте маңызды мәселе. Осыған орай ботаникалық бақ аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін ғылыми-қолданбалы ұйым болуы қажет. Ғылыми түрде жасыл желек егумен айналысу үшін экология департаментінің лабораториялық жарақтандыру жағын жақсарту керек. Заманауи жабдықтар керек болса, жергілікті бюджеттен қаржы бөліп, алып беруге дайынбыз, — дейді Серік Шәпкенов.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуына қарағанда, жобаға сәйкес ботаникалық баққа ерекше қорғалатын табиғи аймақ мәртебесін беру көзделген. 

— Осыған байланысты көп құжат қажет. Алдымен жаратылыстану ғылыми негіздемесі жасалды. Бұған 1 жылға уақыт жұмсалды. Ботаникалық бақ үшін 20 гектар жер телімі бөлінді. Енді жыл соңына дейін техникалық-экономикалық негіздемесі дайын болады. Алдағы жылы күзге жобаны іск асыру басталады, — дейді Жасұлан Бисембиев.

Ботаникалық бақты төрт аумаққа бөлу жоспарланған. Бұл — экспозициялық, ғылыми, қоғамдық және өндірістік-экономикалық аумақ.

Фото: wirestock на Freepik

Мәселен, экспозициялық аумақта қолдан өсірілетін өсімдіктердің коллекциялық қоры, оның ішінде батыс Қазақстанның табиғи флорасы, дәрілік және хош иісті шөптері бар дәріханалық бақ, сондай-ақ, қызғалдақтар мен пияздар, гүлді-сәндік өсімдіктер жинақталады. 

Сондай-ақ, 4 мың шаршы метр аумақта жылыжай ашу көзделген. Онда тропикалық және субтропикалық өсімдіктер өсіріледі. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау экологтері жыл басынан бері 12 млрд теңгеден астам айыппұл өндіргенін жазған едік.