Аудан әкімдерінің есебі: Астаналықтар қандай мәселелер көтерді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда аудандарының әкімдері қала тұрғындарымен 15 есеп беру кездесуін өткізді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан басшысы Алтай Көлгінов Instagram-парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әрқайсысына онлайн және офлайн режимінде қатыстым. Қала тұрғындарының сұрақтарының бір бөлігі шешімін тапты», - деді А.Көлгінов.

Атап айтқанда, Байқоңыр ауданының тұрғындары №8 емханаға қатысты мәселені көтерді. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан әкімі медициналық мекемеге күрделі жөндеу жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, қала тұрғындарының өтініші бойынша №18 «Аяжан» балабақшасына күрделі жөндеу жасалатын болды. Ал №87 орта мектептің электрмен жабдықтау мәселесі шешіледі.
«Бұдан бөлек, Үркер (Есіл ауданы) елді мекенінің тұрғындары өрт сөндіру депосын ашу мәселесімен жүгінді. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге кірісуді, содан кейін осы елді мекенде өрт сөндіру бөлімінің құрылысына кірісуді тапсырдым.
Сондай-ақ, Алматы және Сарыарқа аудандарының бірқатар көшесінде көше жарығы орнатылды. Абаттандыру, жылы аялдамаларды орнату, асфальттау, апатты ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй кешенін жөндеу кестесіне қаланың барлық аудандарының мекенжайлары енгізілді.
Келіп түскен сұрақтар қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді болып бөлінді. Көтерілген мәселелер жұмыс жоспарына алынды.
Өзімнің халыққа есеп беру кездесуім 10 ақпанда онлайн режимінде өтеді. Біз үшін қала тұрғындарын қаланы дамытуға тарту, қала тұрғындарының өтініштерін жұмыс жоспарына енгізу өте маңызды», - деп жазды Алтай Көлгінов.