Аудан әкімі майдангерлердің отбастарында болып, мерекемен құттықтады - Қызылорда облысы (ФОТО)

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазалы ауданының әкімі Нажмадин Шамұратов соғыс ардагерлерінің шаңырағында болып, Жеңіс күнімен құттықтады. 96 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Пірназар Мырзатаевтың отбасына барған аудан басшысы облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады. Ардагерге зор денсаулық пен бар жақсылықты тілеп, сыйлықтар табыс етті.

П.Мырзатаев 1942 жылдың ақпан айында Қазалы қаласынан соғысқа аттанып, 1946 жылы шілде айында елге оралған. Зайыбы Хадиша екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірген. Ардагер «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30, 40, 50, 60, 65, 70 жылдығы» медальдарымен марапатталған.

Бұдан кейін аудан әкімі Нажмадин Шәкизадаұлы соғыс ардагерлері Тілеуберген Тобабергенов пен Қалеп Бектұрғановтың та үйлеріне барып, сыйлықтар табыс етті. Ардагерлер аудан басшысына қамқорлығы мен ықыласы үшін алғыстарын білдірді.

Т.Тобабергенов Жеңісті Берлин қаласында қарсы алған. 1948 жылы елге оралғаннан бастап зейнет жасына дейін теміржол саласында абыройлы қызмет еткен. Қазір немере-шөберелерінің қызығын көріп, бақытты өмір сүруде.

Ал Қ.Бектұрғанов соғыс майданынан екі жерден жарақаттанып, елге оралған. Бүгінде 8 ұл-қызынан 22 немере мен 23 шөбере сүйіп отыр.

Аудан әкімі сонау сұрапыл жылдары жеңіске өз үлесін қосқан қарт майдангер, Бекарыстан би ауылының тұрғыны Қабақ Смағұлдың отбасында болды. Ардагерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, сый-сияпат көрсетті.

«Соғыс - бұл жазықсыз жандардың көз жасы мен қайғысы. Мен қазіргі жас ұрпақ біз тартқан ауыртпашылық пен бейнетті көрмесе екен деп тілеймін», - дейді Қабақ ата.

19 жасында соғысқа аттанған Қабақ ақсақал Мәскеу бағытындағы Тула қаласының маңында неміс фашистеріне қарсы шабуылға шыққан. Қ.Смағұл көрсеткен батылдығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз», I және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30, 40, 50, 60, 65, 70 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Соғыс және еңбек ардагері соғыстан кейін елге оралғаннан бастап есеп саласында 40 жыл еңбек етеді.